Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ: ЖИНАҚТАР ТҰРҒЫН ҮЙ МЕН БІЛІМ АЛУҒА БАҒЫТТАЛЫП ЖАТЫР

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және сапалы білім алуға бағытталған қаражатты пайдалану көлемі артып келеді. Бағдарлама балалардың болашақтағы әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтіп, Ұлттық қордың инвестициялық табысын олардың игілігіне тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бері нысаналы жинақтарды алу бойынша 297 895 өтініш орындалып, уәкілетті операторларға жалпы көлемі 53,09 миллион АҚШ долларынан астам қаражат аударылды. Кейін бұл қаражат 18 жасқа толған азаматтардың банктік шоттарына есептеледі.

Орындалған өтініштердің ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған 187 597 өтініш бойынша 33,39 миллион АҚШ доллары бағытталса, білім алу ақысын төлеуге арналған 110 298 өтініштің жалпы көлемі 19,70 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіштер бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – жастардың баспаналы болуына және сапалы білімге қол жеткізуіне нақты қолдау көрсетіп отырғанын дәлелдейді.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, нысаналы жинақты алушы барлық қаражатты бірден немесе оның белгілі бір бөлігін ғана пайдалана алады. Ал пайдаланылмаған сома нысаналы жинақтау шотында сақталып, әрі қарай инвестициялық кіріс есебінен ұлғая береді.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында ең көп сұранысқа ие мақсаттардың бірі – тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру. Осы мақсатта 183 436 өтініш қанағаттандырылып, 32,72 миллион АҚШ доллары пайдаланылған. Сонымен қатар ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізуге 1 425 өтініш бойынша 232,77 мың АҚШ доллары, ал тұрғын үйді азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы сатып алуға 989 өтініш бойынша 156,59 мың АҚШ доллары жұмсалды.

Білім беру бағыты бойынша қаражаттың басым бөлігі Қазақстандағы жоғары және техникалық білім беру ұйымдарының оқу ақысын төлеуге бағытталды. Бұл мақсатта 101 899 өтініш орындалып, 18,51 миллион АҚШ доллары игерілді. Бұдан бөлек, білім беруге арналған жинақтау салымдарын толықтыруға 5 796 өтініш бойынша 801,29 мың АҚШ доллары, ал шетелдік білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеуге 2 075 өтініш бойынша 308,59 мың АҚШ доллары бағытталған.

Бағдарлама аясында балалардың есепшотына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысынан қаражат аударылып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әрбір балаға 130,71 АҚШ доллары есептелді. Бұған дейін 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, ал 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары көлемінде қаражат аударылған болатын.

Заңнамаға сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларға есептелетін қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында нысаналы талаптар ретінде тіркеледі. Бұл қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында қалып, инвестициялануын жалғастырады. Соның нәтижесінде жыл сайын инвестициялық кіріс есебінен балалардың жинақ көлемі ұлғая түседі.

Қазіргі таңда бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып келе жатқан баланың жинағы 370 доллар 56 центті, екінші жыл қатысушының жинағы 263 доллар 93 центті, ал бірінші жыл қатысушының жинағы 130 доллар 71 центті құрайды.

Баласының бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты ата-аналар мен заңды өкілдер kids.enpf.kz порталында баланың ЖСН-і арқылы, сондай-ақ eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, eGov Mobile мобильді қосымшасы мен кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді сервистері арқылы тексере алады.

Егер мобильді қосымшаларда 2025 жылғы есептелген қаражат туралы мәліметтер көрінбесе, пайдаланушыларға цифрлық құжаттар тізімін жаңарту ұсынылады. Ал 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматтардың жинақтары нысаналы талаптан нысаналы жинаққа ауысуына байланысты бұл ақпаратты тек жинақ иесінің өзі өзінің жеке кабинеті арқылы көре алады.

18 жасқа толған азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алу ақысын төлеу мақсатында қаражатты пайдалану үшін уәкілетті операторға жүгініп, АҚШ долларымен банктік шот ашып, онлайн өтініш беруі қажет.

Қазіргі таңда бағдарлама бойынша уәкілетті операторлар ретінде «Отбасы банкі» АҚ (тұрғын үй және білім алу), «Халық банкі» АҚ (білім алу) және «Банк ЦентрКредит» АҚ (білім алу) қызмет көрсетеді.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – әрбір баланың болашағына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Ол Ұлттық қордың инвестициялық табысын жас қазақстандықтардың игілігіне пайдаланып, олардың білім алып, баспаналы болуына нақты мүмкіндік жасап келеді. Бағдарлама туралы толық ақпаратпен және қаражатты пайдалану статистикасымен enpf.kz және kids.enpf.kz интернет-ресурстарында танысуға болады.