Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

МАҚТААРАЛДАҒЫ ӨРКЕН АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ ЖӘНЕ БАЛАЛАР АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өркен ауылында заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы салтанатты түрде ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.

550-ге жуық тұрғыны бар шағын ауыл үшін бұл нысанның пайдалануға берілуі маңызды оқиға болды. Жаңа спорт және ойын алаңшасы ауыл балалары мен жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде өңірде ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, Өркен ауылы шағын елді мекен болғанымен, мұнда тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне қажетті негізгі инфрақұрылым қалыптасқан. Ауыл табиғи газбен, ауыз сумен және жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген, сондай-ақ мектеп пен балабақша тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Енді жаңа спорт нысанының ашылуы ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына және балалардың қауіпсіз ортада демалуына мүмкіндік бермек.

– Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ауылдық аумақтарды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді Бижан Анарбеков.

Жаңа кешен бірнеше функционалды бөліктен тұрады. Мұнда заманауи талаптарға сәйкес қоршалған кіші футбол алаңы салынып, жасанды көгал төселген. Алаң кешкі уақытта да пайдалануға қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар тұрғындардың спортпен айналысуына арналған волейбол алаңы да қарастырылған.

Балалар үшін арнайы ойын аймағы жасақталып, түрлі ойын құрылғылары, сырғанақтар, әткеншектер және өрмелеуге арналған кешендер орнатылды. Бұдан бөлек, жастар мен ересектерге арналған воркаут алаңы салынып, тұрғындардың тынығып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін орындықтар мен көлеңкелі шатырлар қойылған. Алаң аумағы толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдары төселген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты іс-шара барысында ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуына ризашылықтарын білдіріп, мұндай жобалардың ауыл балаларының жан-жақты дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Ауыл ақсақалдары жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – дені сау әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қадамы екенін айтты.

Іс-шара аясында А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің 2006 жылғы түлектерінің 20 жылдық кездесуіне орай ауыл жастары арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, тұрғындарға дастарқан жайылды. Бұл шара ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, жаңа спорт нысанының алғашқы игілікті іс-шараларының біріне айналды.

Айта кетейік, спорт және балалар ойын алаңшасы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімдігі тарапынан салынды. Жоба ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен сұраныстары негізінде жүзеге асырылып, бүгінде көпшіліктің игілігіне берілді.

Жалпы, мұндай жобалар ауылдық аумақтардың әлеуметтік келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, балалар мен жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауылдарды кешенді дамыту саясатының нақты көрінісі болып табылады.