Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМГЕ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

Әділетті Қазақстан реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту. Бұл бағыт аясында өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған кешенді жобалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін беріп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан туристік өңірлерінің біріне айналды. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, рухани орталық ретіндегі маңызы және туристерге арналған жаңа нысандардың көбеюі келушілер санының тұрақты артуына ықпал етуде.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы сегіз жылда Түркістан облысына 2,5 миллионнан астам турист келген. Егер 2018 жылы өңірге 186,2 мың турист келсе, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 500 мың адамға жетіп, 2,5 есеге өскен. Сонымен қатар облыстың тарихи-мәдени және туристік нысандарына 10 миллионнан астам біркүндік келуші саяхат жасаған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі орналастыру орындарында демалған туристер саны 347,8 мың адамды құрады. Оның ішінде 325 мыңнан астамы – отандық туристер болса, 22,5 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Табиғи аумақтар мен туристік бағыттарға келген келушілер саны 151,9 мың адамға жетті.

Туризм саласындағы оң динамика 2026 жылы да жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

Туризмді дамыту бағытындағы маңызды көрсеткіштердің бірі – инвестиция көлемі. Түркістан облысы құрылғаннан бері туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 612 миллиард теңгеден асып, нәтижесінде 19,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына және халықты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізуде.

2025 жылдың қорытындысында туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 133 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде тұру және тамақтану қызметтері саласына 78,6 миллиард теңге, ал өнер, ойын-сауық және демалыс бағыттарына 54,4 миллиард теңге инвестиция бағытталған.

Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 36,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Оның ішінде тұру және тамақтану қызметтері саласына 31,3 миллиард теңге, ал ойын-сауық және демалыс саласына 5 миллиард теңге инвестиция салынған. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 9,1 миллиард теңгені құраған.

Өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында заманауи туристік нысан саналатын Керуен Сарай көпфункционалды кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар бес жұлдызды Rixos Turkistan қонақ үйі ашылып, өңірдің туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Төлеби ауданында Alma-Tau қонақ үй кешені іске қосылды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 264 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары және балалар лагерьлері бар. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Ол кезде өңірде небәрі 148 орналастыру нысаны қызмет көрсеткен болатын.

Туристерге көрсетілген қызмет көлемі де айтарлықтай өскен. 2025 жылдың қорытындысында орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің көлемі 8,5 миллиард теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда жеті есеге ұлғайды. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 2,2 миллиард теңгені құрады.

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүзеге асырылып келеді. Өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды жетілдіру және халықаралық талаптарға сай туристік қызметтер ұсыну бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.