Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларЭкономика

АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІ ЭКСПОРТҚА БАҒЫТТАЛҒАН ӨНІМ ӨНДІРУДЕ

Келес ауданының Шұқырсай елді мекенінде шаруалар ашық алқаптарға биылғы екінші өнімді егу жұмыстарын бастады. Ауыл еңбеккерлері тәтті бұрыш, баклажан, жүгері секілді көкөніс дақылдарын отырғызып, жердің өнімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.

Шұқырсай ауылының биі Яндашбай Әбдіқадіровтың айтуынша, ерте көктемде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Нәтижесінде елді мекеннен тәулігіне 200-250 тоннаға дейін көкөніс экспортталады. Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан мұнда жерді тиімді пайдалану мен бір жылда екі-үш рет өнім алу тәжірибесі кеңінен қалыптасқан.

Абай ауылының тұрғыны, шаруа Хайрулла Қадіров биыл 2 гектар жерге картоп егіп, алғашқы өнімін жинап, саудаға шығарған. Қазіргі таңда ол екінші өнім ретінде тәтті бұрыш пен баклажан көшеттерін отырғызған. Шаруа әр гектардан 25-30 тонна көлемінде өнім алуды жоспарлап отыр.

Жалпы Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында аудан бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12 млрд 869,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 704,3 млн теңгеге артқан.

2026 жылы аудан аумағында өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында 24 мың 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың 875 гектарға артық. Оның ішінде 7 мың гектардан астам жерге дәнді және бұршақты дақылдар, 250 гектарға мақта, 1 мың 920 гектарға картоп, 9 мың 560 гектарға көкөніс және 2 мың 490 гектарға бақша дақылдары егіледі. Сонымен қатар жылыжайлардың егіс көлемі 112 гектарды құрайды.

Егін шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Келес ауданында жалпы ұзындығы 677 шақырым болатын 151 канал мен 393,6 шақырымды құрайтын 144 қашыртқы бар. Суару маусымын сапалы өткізу мақсатында биыл ұзындығы 218,5 шақырым болатын 68 су нысанын механикалық тазалау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 163 шақырымы тазартылып, жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Айта кетейік, «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, ауылдық аумақтарды дамыту және шағын әрі орта бизнесті қолдау. Келес ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, экспорт көлемін арттыру, суару жүйелерін жаңғырту және жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар осы міндеттердің жүйелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.