Төлеби аудандық Мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбек пен аудандық мәслихат депутаты Ерболат Жабаев қатысып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жиын барысында сөз сөйлеген Әуесбек Әсілбек мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген медицина мамандарының қызметіне жоғары баға беріп, олардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін жеткізді.
– Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты міндет санайтын медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым зор құрметке лайық. Сіздер тәуліктің кез келген уақытында тұрғындардың саулығы үшін қызмет етіп, жауапты міндеттеріңізді адал атқарып келесіздер. Кәсіби біліктіліктеріңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз, жанашырлықтарыңыз көптеген жандарға үміт сыйлап, олардың өмірге деген сенімін арттыруда, – деді ол.
Салтанатты шара барысында ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Оларға аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталып, еңбектеріне ризашылық білдірілді.
Мерекелік іс-шара соңында ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіліп, аудан өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Әсем ән мен күйден құралған концерт қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.
