Медицина қызметкерлері күніне орай Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов денсаулық сақтау саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөлі мен халық денсаулығын сақтаудағы жауапты қызметіне жоғары баға берді.
Аудан әкімі өз құттықтауында адам өмірі мен денсаулығын қорғауды басты міндет санайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым зор құрметке лайық екенін атап өтті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері тұрғындардың саулығын сақтау жолында тәулік демей еңбек етіп, кәсіби біліктілігі мен жанашырлығының арқасында көптеген азаматтардың өміріне араша болып келеді.
Сондай-ақ құттықтауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударып отырғаны, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру мен еңбек жағдайларын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы дәрігерлер мен медицина саласы мамандарының еңбегіне берілген жоғары бағаның көрінісі екені атап өтілді.
Еркеғали Әлімқұлов Төлеби ауданындағы денсаулық сақтау жүйесінде еңбек етіп жүрген дәрігерлерге, орта және кіші буын медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ сала ардагерлеріне аудан тұрғындары атынан алғыс білдірді. Ол медицина мамандарының кәсіби біліктілігі мен адал еңбегінің нәтижесінде халық денсаулығын нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі құттықтау сөзінің соңында барлық медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен кәсіби жетістіктер тілеп, ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
