Түркістан облысында туризмді дамыту және өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру аясында облыста жаңа туристік нысандар салуға, инвестиция тартуға және тұрғындар мен қонақтарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – Түркістан қаласында салынып жатқан «Turan» аквапарк-су саябағы. Жоба өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, заманауи демалыс индустриясын дамытуға да серпін береді.
Түркістан қаласында туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – «Turan» аквапарк-су саябағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі туризм саласының әлеуетін арттыруға арналған нысанның құрылыс барысымен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Ауқымды инвестициялық жоба «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 160-қа жуық жұмысшы еңбек етіп, нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі үшін жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Жобаны іске асыру бірнеше кезеңге жоспарланған. Инвесторлардың мәліметінше, құрылыстың алғашқы кезеңін ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтап, келушілерге пайдалануға беру көзделіп отыр.
Аквапарк пен туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы биылғы жылдың наурыз айында басталған. Жалпы аумағы 11,7 гектарды құрайтын нысан толық іске қосылған жағдайда жылына 200 мыңға дейін турист пен демалушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Түркістан қаласының туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасының дамуына қосымша серпін береді.
Жоба аясында тұрғындар мен қала қонақтарына заманауи демалыс пен ойын-сауық қызметтері ұсынылады. Аквапарк халықаралық талаптарға сай жабдықталып, әртүрлі жастағы келушілердің жайлы демалуына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар кешеннің іске қосылуы өңірдегі туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа туристік бағыттарды дамытуға ықпал етеді.
Құрылыс алаңын аралау барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның Түркістан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірге келетін туристер саны тұрақты түрде өсіп келеді. Сондықтан туристерге сапалы қызмет көрсететін және олардың демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа нысандардың салынуы аса маңызды.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын жоғары сапада және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ нысанның туристер үшін тартымды әрі қауіпсіз болуына ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.
Өз кезегінде жоба инвесторы – Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co.Ltd. компаниясының директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Ол өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жобаның табысты жүзеге асуына мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.
Жоба толық іске асырылған кезде 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, жобаны толық аяқтау 2028 жылға жоспарланған.
Бірінші кезеңде келушілерді қабылдау және тіркеу орталығы, киім ауыстыратын бөлмелер, шомылу аймақтары, түрлі су аттракциондары мен айналмалы аквапарк пайдалануға беріледі. Ал екінші және үшінші кезеңдерде отбасылық демалыс аймақтары, қонақ үй кешені мен мейрамхана салу жоспарланған. Сонымен қатар әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары, алып толқын бассейндері және демалыс алаңдары бой көтереді.
Жалпы, «Turan» аквапарк-су саябағы Түркістан қаласының туристік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Нысан толық іске қосылғаннан кейін өңірге келетін туристер санын арттыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және Түркістанның халықаралық туристік орталық ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі саналатын өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосады.
