Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен Әділетті Қазақстан реформасының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік саясатты жетілдіру және білім беру сапасын арттыру. Бұл бағыт аясында елімізде білім беру инфрақұрылымын дамытуға, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріліп келеді. Түркістан облысында осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, білім беру нысандарын салу мен жаңғырту ісі жүйелі түрде жүргізілуде.
Түркістан облысында білім беру саласын дамыту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе өңірдегі апатты, үш ауысымды және ыңғайластырылған мектептер мәселесін шешуге басымдық беріліп, жаңа білім беру нысандарын салу мен қолданыстағы мектептерді жаңғырту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы білім беру инфрақұрылымын дамыту және әрбір балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Облыстағы білім беру жүйесін жаңғырту жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен жүйелі түрде жалғасып келеді.
Соңғы жылдары жаңа мектептердің құрылысы қарқынды жүргізіліп, білім беру нысандарының саны айтарлықтай артты. Нәтижесінде мыңдаған оқушы заманауи талаптарға сай салынған жаңа мектептерде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, 2018 жылы облыста 39 мектеп пайдалануға берілсе, 2019 жылы – 26, 2020 жылы – 23, 2021 жылы – 37, 2022 жылы – 24, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 11 және 2025 жылы 3 мектептің құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.
2026 жылы білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары өз жалғасын тауып отыр. Жыл басынан бері 2 мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 6 мектеп пен 1 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірде Жаңа буынды дамыту орталығының 4 нысанының құрылысы қатар жүргізілуде. Бұл орталықтар балалардың шығармашылық, ғылыми және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған заманауи білім беру алаңдары болмақ.
Жалпы алғанда, 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 185 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Жаңа білім беру нысандарының ашылуы оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге және апатты мектептердің санын қысқартуға мүмкіндік берді. Жаңа мектептер заманауи жабдықтармен қамтылып, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуына жағдай жасалуда.
Бүгінде Түркістан облысында жалпы саны 1106 мектеп жұмыс істейді. Өңірдегі білім беру ұйымдарын жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында 2025-2027 жылдар аралығында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Өткен жылы бұл бағдарламаға 41 мектеп енгізіліп, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Қалған 15 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған нысандарды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделген.
Биыл тағы 38 мектепті реновациялау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, олардың материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында облыстағы 125 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 60 мектепте жөндеу толық аяқталған. Қалған нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында 110 нысанды қатты отыннан табиғи газға көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде мектептердің жылу жүйесін жаңғыртып, білім беру мекемелерінің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Жаңа мектептер салу жұмыстары да тоқтаған жоқ. Өткен жылы өңірде 33 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 29-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Аталған жоба өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтып, сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
Білім беру нысандарының көбеюі мен мектептердің жаңғыртылуы тек инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп қана қоймай, білім сапасын арттыруға да оң әсерін тигізуде. Заманауи кабинеттермен жабдықталған мектептерде оқушылардың дамуына мүмкіндік жасалып, мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптасуда.
