“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік саясатты жетілдіру және білім беру сапасын арттыру. Бұл бағыт аясында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға және оқушыларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Түркістан облысында ауыл мектептерін қолдауға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі отырысына қатысты. Жиын барысында «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасы қаралып, кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.
Отырыста «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бану Нұрғазиева мен қор басқармасының төрағасы Ләззат Чинкисбаева бастаманың маңыздылығына тоқталып, жобаны сапалы әрі нәтижелі жүзеге асырудың қажеттігін атап өтті.
Өз сөзінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік салаларды дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Қордың қолдауымен Түркістан облысында соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларында көптеген қайырымдылық жобалар жүзеге асырылған.
Облыс әкімінің мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде жалпы құны 12 миллиард теңгеден асатын жобалар іске асырылды. Оның ішінде білім беру саласына 5,3 миллиард теңге, денсаулық сақтау бағытына 5,2 миллиард теңге, әлеуметтік қорғау саласына 547 миллион теңге және спорт пен мәдениет бағыттарына 994 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Білім беру саласында ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін көтеру, арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтау және білім гранттарын ұсыну бағытындағы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Түркістан облысы – халық саны мен бала саны ең көп өңірлердің бірі. Бүгінде облыстағы 1106 мектептің 906-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл жалпы мектептердің 82 пайызын құрайды. Халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижелері ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасында, әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша айырмашылықтардың бар екенін көрсетіп отыр.
Осы мәселені шешу мақсатында «Қазақстан халқына» қоры облыстағы 100 ауылдық мектепті заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықтауға 5,1 миллиард теңге бөлуге ниетті. Бұл бастама ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртып қана қоймай, оқушылардың ғылыми пәндерді терең меңгеруіне және сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Жиын барысында жобаның білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеруге және ауыл мектептеріндегі оқыту жағдайларын жақсартуға оң әсер ететіні атап өтілді. Қамқоршылық кеңесінің мүшелері бастаманы қолдап, оның ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімдігі жобаны іске асыруға қажетті қолдау шараларын қолға алған. Облыстық бюджеттен 100 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 4600 педагог пен білім беру ұйымдарының басшыларын оқытуға қаржы қарастырылды. Сонымен қатар «Білім-Инновация» халықаралық қорымен бірлесіп, үш жыл бойы мұғалімдерге менторлық қолдау көрсетіледі.
Жалпы, бұл жоба ауыл мектептеріндегі білім беру сапасын арттыруға, оқушыларға заманауи білім алу мүмкіндігін ұсынуға және өңірдегі адами капиталдың дамуына ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі болмақ. Бұл өз кезегінде “Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі саналатын білім беру сапасын арттыру міндеттерін жүзеге асыруға тың серпін береді.
