Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

АРЫСТАҒЫ ӨНДІРІСТІК ПАРК ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТОЛЫҒЫП ЖАТЫР

Арыс қаласында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында өндірістік паркті дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастама кәсіпкерлікті қолдауға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.

Арыс–Шардара автомобиль жолы бойында орналасқан өндірістік парк аумағында бүгінде жергілікті кәсіпкерлер өз өндіріс орындарын орналастыру жұмыстарын бастап кетті. Жаңа жобалардың іске асырылуы өңірге инвестиция тарту көлемін арттырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және өндірістік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өндірістік паркке арнайы барып, кәсіп ашуды жоспарлап отырған инвесторлармен және кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында жобалардың іске асырылу барысы сараланып, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ өндірістерді белгіленген мерзімде іске қосу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Қала әкімі өндірістік парк аумағында кәсіпкерлік қызметті бастау үшін барлық қажетті инженерлік және инфрақұрылымдық жағдайлардың жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, ендігі негізгі міндет – өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашу.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өндірістік парк құрылысы толық аяқталды. Мұнда өндіріс орындарын орналастыруға қажетті инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген. Сондықтан кәсіпкерлер өз жобаларын жедел іске асырып, өндірісті жолға қоюы қажет. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындарда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берген жөн, – деді қала әкімі Қайсар Маңқараев.

Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында термопанельдер өндіру, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдарын шығару бағытындағы өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр. Инвесторлар қажетті заманауи өндірістік құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойған. Алдағы уақытта оларды орнатып, өндірістік желілерді кезең-кезеңімен іске қосу көзделген.

Жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында бүгінде алты өндірістік ғимарат салынған. Әрбір нысанның ауданы 480 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар аумақта электр энергиясы, ауыз су ұңғымасы, кәріз жүйесі және табиғи газ желісі толық жүргізіліп, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инженерлік инфрақұрылым қамтамасыз етілген.

Жаңа өндірістік парк өндіріс саласын әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа өндірістердің іске қосылуы тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне, жергілікті бюджет кірісінің артуына және Арыс қаласының өндірістік әлеуетін нығайтуға өз үлесін қоспақ.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту міндеттерімен сабақтасып, өндірісті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.