Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСпорт

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ТАНЫМДЫҚ КЕШ ӨТТІ

Биыл қазақтың даңқты балуаны, қара күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай өскелең ұрпаққа палуан бабаның өнегелі өмір жолын, ерлігі мен қайсарлығын кеңінен насихаттау мақсатында кітапханада «Қазақ даласының батыры» атты жедел ақпарат сағаты ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында Ханарық ауылының жас балуандары мен күрес жаттықтырушысы Данияр Ормановтың қатысуымен «Күрес әлемінің саңлағы» атты тақырыптық кеш өткізілді. Кеш барысында қатысушыларға Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы жетістіктері туралы жан-жақты мәлімет беріліп, оның ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Кітапханашы Қажымұқан Мұңайтпасұлының әлемнің түрлі мемлекеттерінде ел намысын абыроймен қорғап, қазақ халқының даңқын асқақтатқан тарихи тұлға екеніне тоқталды. Сонымен қатар оның қайсарлығы, отансүйгіштігі және ұлт рухын көтерудегі еңбегі кеңінен насихатталды.

Шара барысында жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» кітабына шолу жасалып, балуанның өмір жолы мен спорттағы жеңістері туралы деректер таныстырылды. Сондай-ақ Қажымұқанға арналған ақындардың өлеңдері оқылып, қатысушыларға рухани тағылым берілді.

Танымдық кеште палуанның ерлігі, күш-қайраты, адамгершілік қасиеттері мен халқына деген жанашырлығы кеңінен сөз болып, оның өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді. Қатысушылар ұлттық мақтанышқа айналған тұлғаның өмірі мен еңбегі туралы ой бөлісіп, тағылымды әңгімелерге куә болды.

Іс-шара соңында оқырмандар Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен мұрасы туралы мол мағлұмат алып, рухани әсерге бөленіп, тарихи тұлғаның өнегелі жолынан тағылым алды.