Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

ТӨЛЕБИЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ

Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыстық спартакиадада жоғары нәтиже көрсеткен мемлекеттік қызметшілерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мемлекеттік қызметпен қатар спорт саласында да белсенділік танытып, аудан намысын абыроймен қорғаған азаматтардың жетістіктері атап өтілді.

Салтанатты жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай мен аудандық мәслихат депутаты Сәкен Мәженов қатысып, Түркістан қаласында өткен облыстық спартакиадада Төлеби ауданы командасының табысты өнер көрсетуіне үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Марапаттау барысында қатысушылардың жарыс кезіндегі жоғары дайындық деңгейі, ұйымшылдығы және жауапкершілігі ерекше аталып өтті. Спорттық сайыстарда белсенділік танытқан мемлекеттік қызметшілер Төлеби ауданының намысын лайықты қорғап, командалық есепте ІІ жүлделі орынға қол жеткізуге елеулі үлес қосты.

Жиын барысында спорттың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы және ұжымдық бірлікті нығайтудағы маңызы сөз болды. Сонымен қатар мұндай жарыстар мемлекеттік қызметшілер арасында достық қарым-қатынасты дамытуға, кәсіби қызметпен қатар бұқаралық спортты насихаттауға ықпал ететіні айтылды.

Облыстық спартакиадада көрсетілген нәтижелер мемлекеттік қызметшілердің тек өз қызметтік міндеттерін атқарып қана қоймай, спорт саласында да белсенділік танытып, жоғары жетістіктерге қол жеткізе алатынын көрсетті. Бұл аудан командасының жүйелі дайындығы мен жеңіске деген ұмтылысының жемісі екені атап өтілді.

Іс-шара соңында марапатталған азаматтарға алдағы қызметтеріне табыс, зор денсаулық және жаңа жетістіктер тіленді. Сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып, өңір абыройын көтеруге қосқан үлестері үшін алғыс айтылып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдірілді.