Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

ТӨЛЕБИДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛІП, ЖАС МАМАНДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік жиында аудан әкімі мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, бұл саланың мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын маңызды институттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел мүддесіне адал қызмет ету, азаматтардың сенімін ақтау және мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті.

Сондай-ақ Еркеғали Амантайұлы мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттері де жоғары болуы керектігін айтты. Ол Абай Құнанбайұлының «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидаттарына тоқталып, аталған құндылықтар мемлекеттік қызметшінің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауына, халықпен тиімді байланыс орнатуына және қоғам алдындағы борышын адал атқаруына негіз болатынын жеткізді.

Салтанатты жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек еткен ардагер қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.

Іс-шара аясында Түркістан қаласында өткен облыстық спартакиадада Төлеби ауданының намысын лайықты қорғап, командалық есепте ІІ орын алуына үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер де аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Бүгінде Төлеби ауданының жергілікті атқарушы органдарында 202 штат бірлігі бойынша мемлекеттік қызметшілер еңбек етеді. Олардың 28 пайызын әйел азаматтар құрайды. Мемлекеттік қызметкерлер күн сайын тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешуге, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Мерекелік жиынның маңызды сәттерінің бірі – мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған жас мамандардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісі антын қабылдау рәсімі болды. Бұл рәсім олардың кәсіби жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде ұйымдастырылды.

Аудан әкімі жас мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің үлкен жауапкершілік жүктейтін сала екенін атап өтіп, жастарды білімдерін жетілдіруге, кәсіби тәжірибелерін арттыруға және халық игілігі үшін адал еңбек етуге шақырды.

Жиын барысында мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен сөз болып, халыққа сапалы қызмет көрсету, заң талаптарын сақтау, ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстану, сондай-ақ жауапкершілікті жоғары деңгейде сезіну қажеттігі ерекше айтылды.

Ант қабылдау рәсімі жас мамандардың мемлекеттік қызметтегі алғашқы маңызды қадамдарының бірі ретінде өтіп, олардың Отан мен халық алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне мүмкіндік берді. Бұл шара мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, жас мамандарды ынталандыруға және ел дамуына қызмет ететін білікті кадрлар қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.