Жастарды қолдау және дамыту – «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта жастардың әлеуетін арттыруға, оларды жұмыспен қамтуға және білім беру мүмкіндіктеріне қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Сауран ауданында NEET санатындағы жастардың санын төмендету мақсатында аула аралау және ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар анықталып, оларды жұмыспен қамту, білім беру мүмкіндіктеріне тарту және мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аула аралау кезінде жастармен жеке кездесулер өткізіліп, олардың әлеуметтік жағдайы, жұмысқа орналасуға деген қызығушылығы мен болашақ жоспарлары зерделенді. Сонымен қатар қатысушыларға бос жұмыс орындары, жастар практикасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары, мемлекеттік гранттар мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Сондай-ақ әрбір жасқа оның қызығушылығы мен қажеттілігіне сәйкес тиісті бағыт-бағдар берілді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың белсенділігін арттыруға, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, білім алуына және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына ықпал етеді. Бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау және дамыту саясатын іске асыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
