Кентау қаласында жастарды қолдау және дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен NEET санатындағы жастардың санын азайтуға бағытталған аула аралау және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Шара барысында тұрғындарға мемлекеттік қолдау тетіктері, жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар, кәсіптік білім алу мүмкіндіктері және жастарға арналған жобалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ іс-шара аясында орталық мамандары Кентау қалалық Мансап орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізіп, жұмыспен қамту саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кездесу барысында еңбек нарығындағы өзекті мәселелер, бос жұмыс орындарына орналастыру тетіктері, кәсіптік оқыту курстарының мүмкіндіктері және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Тараптар алдағы кезеңде NEET санатындағы жастарды анықтау, оларды жұмыспен қамту шараларына белсенді тарту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бірлесіп ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және олардың әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды.
Мұндай жұмыстар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына және мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл бастамалар «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау және дамыту саясаты аясында жүзеге асырылып, жас буынның жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
