ркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың орындалу барысын зерделеді. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының сапасы, әлеуметтік нысандардың жай-күйі, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту және инвестициялық жобалардың іске асырылу деңгейіне ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапары ҚазССР-нің 40 жылдығы ауылындағы «Толағай» сауықтыру лагерінің қызметімен танысудан басталды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Атакент кентіндегі №9 «Жігер» бөбекжай-балабақшасына барып, мекеменің қазіргі жағдайын қарап, өзекті мәселелерін зерделеді.
Сапар аясында ауданның арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың құрылыс жұмыстары қаралды. Аталған жобалар өңірге инвестиция тартуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
Бағдарламаға сәйкес облыс әкімінің орынбасары облыстық маңызы бар КХ-77 «Дихан – Еңбекші – Жайылбаев – Жеңіс – Сырдария – Фирдоуси» автомобиль жолының 27+600 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар Фирдоуси елді мекенінде салынып жатқан 12 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын аралап, жауапты мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мырзакент кентінде де бірқатар әлеуметтік және білім беру нысандарының жай-күйі қаралды. Атап айтқанда, Тайғанов көшесінде орналасқан «Мырзакент» мектеп-гимназиясының күрделі жөндеу жұмыстарының орындалу барысы тексерілді. Сондай-ақ Мәдіқожаев көшесіндегі «Оқу-өндірістік комбинаты» мекемесінің қызметімен танысып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар пысықталды.
Жұмыс сапары барысында Мырзакент кентінде бой көтеріп жатқан жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы да назарға алынды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №6 арнайы балабақша-бастауыш мектеп-интернаты араланып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жасалған жағдайлар мен мекеменің материалдық-техникалық мүмкіндіктері сараланды.
Күннің екінші жартысында Еркебұлан Дауылбаев аудан әкімдігінде өткен жұмыс мәжілісіне қатысып, сапар барысында анықталған мәселелерді және алдағы міндеттерді жауапты сала басшыларымен бірге талқылады. Жиында құрылыс сапасын арттыру, әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру, инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кеңінен сөз болды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға барлық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтау, құрылыс жұмыстарына тұрақты бақылау жүргізу және анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту саясатының аясында жүзеге асырылуда. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды жүйелі іске асыру, жаңа өндірістерді дамыту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болады.
