Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КЕЛТЕМАШАТТА АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру. Осы мақсатта Келтемашат ауылдық округінде ауыз су жүйелерін жаңғырту және коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Асқар Естібаевтың халықпен кездесуінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесу барысында Жиынбай және Даубаба ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталғаны айтылды.

Сонымен қатар Келтемашат ауылындағы ауыз су жинақтау резервуарының қоршауы жөнделіп, нысанның қауіпсіздігі мен техникалық жағдайын жақсарту шаралары атқарылды.

Сеславино ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мақсатында құны 528 млн теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша тиісті басқармаға өтінім жолданған.

Жиында аталған жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жетілдіруге бағытталғаны атап өтілді.