Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

АРЫС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ БОЙЫНША БІРҚАТАР ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыру. Осы мақсатта Түлкібас ауданының Арыс ауылдық округінде инфрақұрылымдық нысандарды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аудан әкімі Асқар Естібаевтың Арыс ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде биылғы жылы атқарылатын және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды. Кездесу барысында Керейт ауылында жаяу жүргіншілер жолын салу және ирригациялық лоток орнату жұмыстары қолға алынатыны айтылды. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, көшелердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Керейт ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде мәдени нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылып, тұрғындарға көрсетілетін мәдени қызмет сапасы арта түспек.

Округ аумағындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары Мақталы ауылында да жалғасуда. Атап айтқанда, елді мекендегі атауы жоқ көшеге ирригациялық лоток орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде жауын-шашын және ағын суларды тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында аудан әкімі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталып, ауыл ішін, үй маңын және қоғамдық орындарды таза ұстау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және туған жердің көркеюіне белсенді үлес қосуға шақырды.

Бүгінде Арыс ауылдық округіндегі 19 көшенің 15-і жарықтандырылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 78,9 пайызын құрайды. Алдағы уақытта жарықтандыру жүйелерін жаңарту және көше шамдары орнатылмаған төрт көшені кезең-кезеңімен жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

Кездесу соңында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауапты сала мамандарының қатысуымен түсіндірмелер беріліп, барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатыны және оларды шешу бағытындағы жұмыстар қолданыстағы заңнама аясында жалғасатыны айтылды.