Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КӨЛТОҒАН ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖОЛ МЕН СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округінің Көлтоған елді мекенінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары ауылдың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық беріліп, жол сапасын арттыру, көше жарығын орнату, денсаулық сақтау және спорт нысандарын дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Өткен жылы ауыл ішіндегі бірнеше көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, жалпы ұзындығы 3700 метр жолға жаңа асфальт төселді. Бұдан бөлек, М.Өзтүрік, Сауран, Алтын Орда және Бәйтерек көшелерінің 5740 метр аумағына шағал тас төселіп, жолдардың жүру сапасы жақсартылды.

Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары алдағы кезеңде де жалғасады. Осы мақсатта М.Өзтүрік, Сауран, Алтын Орда және Ғазиз көшелерінің 6395 метр бөлігін асфальттау көзделіп отыр. Қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру тетіктері қарастырылуда.

Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін көше жарықтандыру жүйесі де жаңартылуда. 2025 жылы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын көшелерге жарық шамдары орнатылып, пайдалануға берілді.

Әлеуметтік нысандар қатарында жаңа медициналық мекеме де бой көтерді. Ауыл орталығында салынған фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындарға қызмет көрсетуді бастап кетті.

Су шаруашылығы бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. 2025–2026 жылдары Біртілек ауылдық округіндегі жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын каналдар мен қашыртқылар тазартылып, қайта қазылды. Оның 20 шақырымға жуық бөлігі Көлтоған аумағында орналасқан.

Жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында жаңа спорт және ойын алаңдарын салу жоспарланған. Балалар ойын алаңына қажетті жер телімі рәсімделсе, М.Өзтүрік көшесі бойынан кіші футбол алаңын салуға арналған учаскеге мемлекеттік акт беріліп, жобаның сметалық құжаттары дайындалды. Қазіргі уақытта бұл бастама бюджеттік өтінімдер тізіміне енгізілу үстінде.

“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Осы бағыт аясында ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.