Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

КЕЛЕСТЕ КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА ӨНДІРІСТІК АЛАҢ ҚАЛЫПТАСУДА

Келес ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау және өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта аудан орталығы Абай ауылында кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған жаңа өндірістік парк құрылып жатыр.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жоба аясында өндірістік нысандарды орналастыру үшін 32 гектар жер телімі қарастырылған. Аталған аумақ кәсіпкерлерге ашық аукцион арқылы ұсынылып, бизнес өкілдерінің өндіріс орындарын ашуына және кеңейтуіне мүмкіндік жасалуда.

Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында қажетті инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, электр желілері тартылып, коммуникациялық жүйелерді орнату қолға алынған. Бірқатар кәсіпкерлер өздеріне берілген жер телімдерін құрылысқа дайындап, жаңа өндіріс нысандарының құрылысын бастап кетті.

Жоба толық іске асқан жағдайда ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бағытындағы бірнеше кәсіпорын өз жұмысын бастайды. Солардың қатарында сабын өндіру цехын жаңа өндірістік аймаққа көшіру көзделген. Сонымен бірге сусын өндірушілерге қажетті пластикалық қаптама шығаратын кәсіпорын мен құрылыс саласына арналған энергия үнемдейтін термопанель өндіру жобасы жүзеге асырылады.

Өндірістік парк аумағында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жобалар да қарастырылған. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңын ашу және санитарлық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ететін мамандандырылған дезинфекция қызметі орталығын іске қосу жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістік алаңның іске қосылуы аудан экономикасының дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – экономикалық әділеттілікті қамтамасыз ету. Осы мақсатта шағын және орта бизнесті қолдау, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.