Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – жастарды қолдау, олардың сапалы білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жағдай жасау. Осы мақсатта Түркістан қаласында жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Тамырлас» жобасы аясында «PRO ЕҢБЕК – PRO БОЛАШАҚ» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында еңбек құндылықтарын насихаттау, жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру және түлектерге болашақ мамандығын таңдауда бағыт-бағдар беру.
Кездесу барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы кеңесшісі Нұрболат Жүрсін сөз сөйлеп, жастарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен қолжетімді мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер, кәсіби даму жолдары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
Мұндай кездесулер жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне және кәсіби әлеуетін дамытуына ықпал етеді. Сонымен қатар жас буынның еңбекке деген жауапкершілігін арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
