“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту. Осы мақсатта ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Келес ауданының орталығы саналатын Абай ауылында әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму мәселелері Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев қатысып, ауылдың бүгінгі тынысы мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында Абай ауылының әкімі Асылбек Жұманов елді мекенде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасады. Онда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол және жарықтандыру жүйелерін жетілдіру, қоғамдық кеңістіктерді көбейту, абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар қамтылды.
Ауылдың тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған шаралар да тұрақты түрде жүргізілуде. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрғындардың, ардагерлердің, жастардың және түрлі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, арық жүйелері ретке келтіріліп, жасыл желек қорын көбейту мақсатында көшеттер отырғызылуда.
Соңғы жылдары Абай ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бірнеше нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Ардагерлер» аллеясында заманауи воркаут алаңы салынып, бірқатар көшелерде балалар ойын және спорт алаңдары ашылды. Сонымен қатар Асанқайғы көшесі бойынан Рәміздер алаңы пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.
Елді мекенді көркейту жұмыстары аясында жаңа демалыс аймақтарын қалыптастыруға да ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта Ә.Жылқышиев гүлзарының жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп, аумақты көгалдандыру және жарықтандыру жүйесін жетілдіру шаралары қолға алынған.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да оң нәтижелер бар. Бүгінде Абай ауылындағы көшелердің 90 пайызы жарықтандырылған. Сонымен қатар ауылдағы 120 көшенің 110-ына асфальт төселген. Қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жоспарға енгізілген.
Жиын барысында ардагерлер ауылдың одан әрі дамуына қатысты ұсыныстарын айтып, қоғамдық тәртіпті нығайту, жастар тәрбиесі мен тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев ардагерлердің пікірлері мен ұсыныстары өңірді дамыту бағытындағы жұмыстарда ескерілетінін атап өтті.
