Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформалар

МАҚТААРАЛДА МАҢЫЗДЫ ТЕМІРЖОЛ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Мақтаарал ауданы үшін стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жоспарға сәйкес қарқынды жалғасуда. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес биыл аяқталуы көзделген маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады.

Құрылыс жұмыстарының орындалу барысымен танысу мақсатында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған уақытша депутаттық комиссия мүшелері құрылыс алаңына барды. Жұмыс сапарына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мамандары, сондай-ақ мердігер және жобалаушы ұйымдардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында жауапты мамандар жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, құрылыс белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар құрылыс сапасын сақтау және жобаны уақытылы аяқтау мәселелері де талқыланды.

«Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі пайдалануға берілгеннен кейін Мақтаарал және Жетісай аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп күтілуде. Әсіресе, мақта шаруашылығы кең дамыған өңірлерде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдау мүмкіндігі артып, логистикалық шығындар азаяды. Бұл шаруалар мен кәсіпкерлердің өнім өткізу әлеуетін кеңейтіп, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар жаңа теміржол желісі Түркістан облысының көлік-логистикалық инфрақұрылымын нығайтып, шекара маңындағы аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жұмыс барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осыған байланысты халық санының көптігі мен көлік қозғалысының қарқындылығын ескере отырып, теміржол бойында жоспарланған аспалы көпірдің құрылысын екінші кезеңнен бірінші кезеңге көшіру жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге және көлік қатынасына байланысты тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

Жиын қорытындысында жобаға жауапты мекемелерге құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу, белгіленген мерзімдерді сақтау және барлық инфрақұрылымдық нысандарды уақытылы пайдалануға беру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Теміржол инфрақұрылымын дамыту көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, инвестиция тартуға, өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға кең мүмкіндік береді.