“Әділетті Қазақстан” реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды жетілдіру. Осы міндеттер аясында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жетілдіру, санитарлық тазалықты сақтау және бұқаралық спортты дамыту мәселелері тұрақты назарда тұр.
Округ аумағындағы өзекті мәселелердің бірі – Келес өзені арқылы өтетін көпірдің жағдайы. Өткен жылдың соңында аудан орталығын Ұшқын елді мекенімен байланыстыратын көпірдің тіреу бөлігі су ағынынан бүлініп, нысанның пайдалануға жарамсыз күйге түсуіне себеп болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жауапты мекемелер жедел шаралар қабылдап, жол қозғалысын уақытша шектеді.
Бүгінде аталған нысанның орнына жаңа көпір салу үшін қажетті жобалық құжаттар әзірленуде. Ал тұрғындардың қатынасына қолайсыздық туғызбау мақсатында апатты көпірден 200 метр қашықтықта ұзындығы 30 метр болатын уақытша металл өткел орнатылды. Бұл шешім елді мекен тұрғындарының аудан орталығына қатынасын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Қошқарата ауылдық округінде қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауылдарда тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып, қоғамдық орындар мен көшелерді ретке келтіру шаралары қолға алынған. Қазіргі таңда 30 тұрғын қоғамдық ақылы жұмыстарға тартылып, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету ісіне үлес қосуда.
Сондай-ақ округ әкімдігі жұма және сенбі күндерін тазалық жұмыстарына арнап, абаттандыру шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижелері тұрғындарға әлеуметтік желілер арқылы жарияланып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты жобалар жүзеге асуда. Мақташы елді мекеніндегі шағын футбол алаңын жаңарту жұмыстары басталып, нысанға жөндеу жүргізілуде. Жеке кәсіпкердің қолдауымен қолға алынған жоба аяқталған соң ауыл жастары үшін спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалып, салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік кеңеймек.
