«Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Осы мақсатта жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру және мемлекеттік рәміздердің маңызын насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай жастар арасында «Quizzes» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Танымдық форматта өткен шараға қатысушылар мемлекеттік рәміздердің тарихы мен мазмұнына қатысты білімдерін сынады.
Ойын барысында жастар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының қабылдану тарихы, авторлары мен маңызы туралы сұрақтарға жауап беріп, өзара білім сайысына түсті. Сонымен қатар логикалық және танымдық тапсырмаларды орындап, мемлекеттік рәміздерге қатысты таным көкжиегін кеңейтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, олардың тарихи және рухани мәнін түсіндіру, сондай-ақ патриоттық сана мен азаматтық белсенділікті арттыру.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің, бірлігі мен тұтастығының басты нышандары. Сондықтан оларды қадірлеу, дәріптеу және насихаттау – әрбір азаматтың маңызды міндеті. Осындай тағылымды шаралар жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
