Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМемлекеттік бағдарламаСаяси реформаларТехнология

ШАРДАРАДА АУЫЗ СУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

«Әділетті Қазақстан» реформасының негізгі бағыттарының бірі – өңірлік даму мен инфрақұрылымды дамыту, ауылдық аумақтар мен елді мекендердің өмір сүру сапасын арттыру. Осы міндеттер аясында Шардара ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев «Тама» аумағында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аралап, жобалардың орындалу барысымен танысты. Аталған жоба Шардара қаласы тұрғындарын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады.

Жоба аясында «Тама» су көзінен Шардара қаласындағы су тарату нысанына дейін ұзындығы 40,4 шақырым болатын магистральды су құбыры тартылған. Сонымен қатар «Тама» аумағында әрқайсысының сыйымдылығы 500 текше метр болатын екі резервуар, ал №14 бекетте көлемі 5000 текше метрден екі ірі су резервуарының құрылысы толық аяқталған.

Бас су торабында 14 ұңғыма қазылып, заманауи су айдау қондырғылары орнатылған. Сондай-ақ екі насос станциясының ғимараты салынып, қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген және магистральды су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда су құбырлары, құдықшалар, ысырмалар мен резервуарларды гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы бұдан кейін Шардара қаласындағы су тарату хауызында болып, нысанда атқарылып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мұнда жалпы көлемі 7000 текше метрді құрайтын төрт резервуарды күрделі жөндеу, су құбырларын жаңарту, магистральды ысырмаларды ауыстыру, заманауи гипохлорит қондырғысын орнату, оператор ғимаратын салу және технологиялық үдерістерді автоматтандыру жұмыстары қолға алынған.

Жауапты мамандардың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жобаны ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін қала тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артып, коммуналдық қызмет көрсету сапасы жақсарады.

Нысандарды аралау қорытындысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекемелер мен жауапты сала басшыларына жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, барлық жұмыстарды қолданыстағы талаптарға сай жүргізу қажеттігін атап өтті.

Шардара ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің коммуналдық жүйесін жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді мекендердің тұрақты дамуына серпін бермек.