Rasmedia.kz
ЖаңалықтарЭкология

Алматыда қар тазалау жұмыстары күшейтілген тәртіпте жалғасуда

Алматыда қалың қардың жаууына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті. Қалада 24 ақпан сағат 09:00-ден бері қар үздіксіз жауып тұр.

Таңғы сағат 08:00-дегі мәлімет бойынша, түскен қардың қалыңдығы 17 сантиметрге жеткен. Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, жолдардағы көктайғақтың алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін сақтау үшін көшелерге мұзға қарсы реагенттер себілуде.

Қар күреу жұмыстарына 75 жедел бригада, 2710 жол жұмысшысы және 1225 арнайы техника тартылған. Негізгі магистральдарда 203 бірлік аралас жол техникасы жұмыс істеп жатыр. Түнгі сағат 01:00-ден бастап жол-патрульдік полицияның сүйемелдеуімен 26 колонна қарды жол жиегіне ысыруға кіріскен.

Сонымен қатар түнгі 02:00-ден бері 95 шағын көлемді техника тротуарлар мен қоғамдық орындарды механикаландырылған әдіспен тазалауда. Аялдамалар, жерасты және жерүсті өткелдері, баспалдақтар мен пандустар да қолмен қардан аршылып жатыр.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қала көшелері мен жолдарының жай-күйін бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қар жаууы толық тоқтап, ауа райы қалыпқа келгенге дейін тазалау жұмыстары үздіксіз жалғасады.