Мәжіліс депутаты, Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасында білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызметтер сақталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік кепілдіктерді қысқарту туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы» үшін құрылған жалпыұлттық коалиция 16 ақпаннан бері өңірлерді аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп келеді. Қысқа уақыт ішінде коалиция мүшелері тоғыз аймаққа барып, мыңдаған адаммен жаңа Конституция нормаларын талқылаған. Солардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те бар.
Депутат соңғы жеті жыл ішінде елде ауқымды саяси жаңғырулар жүзеге асқанын атап өтті. Президент бастамасымен төрт бірдей саяси реформа пакеті қабылданып, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер маңызды кезең болғанын еске салды. Сонымен қатар жаһандық геосаяси ахуалдың құбылуы мен жасанды интеллект дәуірінің басталуы Негізгі заңды қайта қарау қажеттігін күшейткенін айтты. Оның пікірінше, қолданыстағы Конституцияның 30 жыл ішінде бірнеше рет өзгеріске ұшырауы да жаңа редакция қабылдауды қолдайтын заңгерлердің уәжін күшейтіп отыр.
Аймағамбетов қоғамда қызу талқыланып жатқан бірқатар нормаларға тоқталды. Атап айтқанда, Құрылтай мәртебесі, пропорционалды сайлау жүйесі, халық кеңесінің өкілеттігі секілді мәселелер жиі көтерілуде. Алайда тұрғындарды ерекше алаңдатқан тақырып – білім мен медицинаның ақылы болып кетуі мүмкін деген пікірлер.
Депутат бұл ақпаратты жалған деп атады. Оның айтуынша, Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде қала береді және бұл қағида жаңа Конституция жобасында нақты көрсетілген. Бүгінде мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Сонымен бірге Ата заңның бірінші бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған.
Жаңа редакцияда азаматтардың тегін медициналық көмек пен білім алу құқығы сақталатыны нақты жазылған. Бұл қызметтер бұрын да бюджет есебінен қаржыландырылып келген және алдағы уақытта да солай жалғасады. Сонымен қатар «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынылған. Депутаттың айтуынша, бұл – орынды шешім. Себебі мемлекеттік грант иегерлері тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тегін білім ала алады. Мәселен, КИМЭП, Мақсұт Нәрікбаев университеті, Тұран университеті секілді оқу орындарында грантпен оқу мүмкіндігі бар.
Сөз бостандығына қатысты нормалар да нақты айқындалған. Жобаға сәйкес, пікір білдіру және сын айту құқығы сақталады, алайда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдейі қорлауға жол берілмейді. Депутаттың сөзінше, бұл қағидалар халықаралық тәжірибеге сай және қолданыстағы заңнамада да бар.
Қоғамда талқыланып жатқан тағы бір мәселе – арнайы құқықтық режим енгізу. Аймағамбетов мұндай нормалар елдің экономикалық егемендігін нығайтуға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер ірі инвестициялық жобаларға ұзақ мерзімді тұрақтылық береді. Мысал ретінде «Алатау» қаласы мен Астана халықаралық қаржы орталығы деңгейіндегі бастамалар аталды. Мұндай жобаларға ауқымды әрі ұзақ мерзімді инвестициялар қажет, ал конституциялық кепілдіктер инвесторлар үшін ережелердің өзгермейтініне сенім қалыптастырады.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция жобасы заман талабына жауап беретін, әлеуметтік бағытты күшейтетін және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нормаларды қамтиды. Ол референдум қарсаңында әріптестерін өңірлердегі қоғамдық пікірді саралап, азаматтарды толғандырған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға шақырды.
