Мемлекет басшысының жер қойнауын зерделеу және минералдық-шикізат қорын кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет 2026 жылы кешенді геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға резервтен 40,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлмек. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бөлінген қаржы 1:50 000 масштабындағы екінші буынды геологиялық түсірілімнің (ГС2-50) 20 жобасын бастауға жұмсалады. Жоспарланған жұмыстар шамамен 100 мың шаршы шақырым аумақты қамтиды. Әрбір учаскенің орташа көлемі 5 мың шаршы шақырым шамасында.
ГС2-50 бағдарламасы аясында заманауи геофизикалық, қашықтықтан зондтау және геохимиялық зерттеу тәсілдері, сондай-ақ алынған деректерді терең цифрлық өңдеу әдістері қолданылмақ. Бұл геологиялық карталарды жаңартуға және болашағы бар кен орындарын айқындауға мүмкіндік береді.
Жоба шеңберінде аэрогеофизикалық және далалық зерттеулер жүргізіледі. Оның ішінде геохимиялық талдаулар, бұрғылау жұмыстары және арықтар қазу көзделген. Дала маусымы аяқталған соң сынамаларға алдын ала зертханалық сараптама жасалады.
Мамандар анықталған және бұрыннан белгілі кен аймақтарын егжей-тегжейлі зерделеуге, болжамды ресурстарды нақтылауға және перспективалы алаңдарды бағалауға басымдық береді. Алынған нәтижелер кейінгі іздеу және барлау кезеңдеріне негіз болмақ.
Геологиялық түсірілім жұмыстары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Абай мен Ұлытау облыстарында жүргізіледі.
Сонымен қатар, Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай өңірлерінде мұнай-газға перспективалы шөгінді бассейндерді зерттеу үшін 2D форматындағы сейсмикалық барлаудың алты жобасы іске асырылады. Бұл зерттеулер көмірсутек қорларын нақты бағалауға және ықтимал кен орындарын айқындауға бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, аталған бастамалар табиғи ресурстарды тиімді игеру, геология саласын дамыту және жер қойнауын пайдалану саласына инвестиция тарту саясатының маңызды бөлігі саналады.
Барлық жобаларды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы алғанда, үш жыл ішінде мемлекеттік геологиялық зерттеулерге шамамен 240 млрд теңге, яғни 500 млн АҚШ долларына жуық қаражат қарастырылған.
Бұл шаралар ел аумағын геологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуге, жаңа перспективалы учаскелерді анықтауға және Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыруға жағдай жасайды.
