Мемлекет басшысының отандық фармацевтика үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен «Химфарм» АҚ арасында жасалған инвестициялық келісімді бекітті. Құжат «халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және отандық өндірістің үлесін ұлғайту» бағытын көздейді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоба қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесін кеңейтуге, елдің дәрілік қауіпсіздігін күшейтуге және салаға инвестиция тартуға бағытталған.
Келісім нәтижесінде Шымкенттегі Polpharma Santo өндіріс алаңында ірі инвестициялық бастаманың жаңа кезеңі басталады. Жоба аясында 300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі, ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржыны қоса алғанда, 39,5 млрд теңгені құрайды. Өндірістің алғашқы кезеңін 2029 жылдың соңына қарай іске қосу көзделген.
Жаңа қуаттар онкологиялық, жүрек-қан тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 атаулы дәрілік зат шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс халықаралық сапа талаптарына сай ұйымдастырылады.
Үкіметтің мәліметінше, бұл жоба фармацевтика саласының технологиялық негізін нығайтып, дәрілік препараттардың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті күшейтуге ықпал етеді.
Жалпы алғанда, фармацевтикалық өнім өндірісі секторында 316,3 млрд теңге сомасына алты инвестициялық келісім жасалған. Бұл көрсеткіш саланың тұрақты дамуын, инвестициялық тартымдылықтың артуын және өндірісті жергіліктендіру деңгейінің жоғарылап келе жатқанын айғақтайды.
