Алматыда Қорғаныс министрлігі өкілдерінің қатысуымен «Жаңа форматтағы әскер. Әскери-патриоттық тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Бауыржан Момышұлы атындағы әскери — спорт колледжінде ұйымдастырылып, оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және медиасарапшылар қатысты.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков қазіргі армиядағы жастарды қолдау шараларына тоқталды. Оның айтуынша, әскерде цифрландыру үдерістері күшейтіліп, әскери қызметтен өткен азаматтар үшін білім беру және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
«– Басты мақсатымыз – жоғары технологиялық армия қалыптастыру. Бұл үшін адами капиталды дамыту, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік рухын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде, «– деді генерал-майор.
Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев патриоттық тәрбиенің ауқымы кең болуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт тек армия шеңберімен шектелмей, мектеп қабырғасынан басталуы тиіс.
Ал сенатор Геннадий Шиповских Қорғаныс министрлігіндегі тәрбие және патриоттық даярлық жүйесіне оң баға беріп, жастардың патриоттық санасын күшейтуде ақпараттық және мәдени жобалардың маңызын айтты.
«– Қоғамда армияның рөлі мен маңызын дұрыс түсіндіру қажет. Бұл үшін сапалы фильмдер, мазмұнды репортаждар мен әскери мамандардың еңбегін көрсететін медиаөнімдер көбейгені жөн,» – деді депутат.
«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина да өз көзқарасын білдіріп, патриоттық құндылықтар ең алдымен отбасы мен қоғамда қалыптасатынын жеткізді.
Жиынға қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие беру ісі барлық жас санаттарын қамтитын жүйелі саясатқа айналуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, әскери қызметтің беделін арттыру және Қарулы күштердің оң имиджін қалыптастыру мәселелері де қозғалды.
Іс-шара соңында қонақтар әскери-спорт колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысып, кадеттердің оқу үдерісі мен күнделікті өмірін көрді.
