Rasmedia.kz
ҚоғамЭкология

Алматыда көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді

Алматыда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереевтің айтуынша, қазіргі жағдай алаңдауға негіз бермейді. Қала аумағындағы тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым нысандарын су басу қаупі айтарлықтай төмендеген.

Ресми дерекке сәйкес, Алматы аумағында 153 су нысаны орналасқан. Олардың қатарында жалпы ұзындығы 586,2 шақырымды құрайтын 109 су арнасы және 44 су айдыны бар. Қалада 29 негізгі гидротехникалық құрылыс жұмыс істейді, оның жетеуі жөндеуді қажет етеді. Алты нысан коммуналдық меншікке тиесілі.

Қаладағы еріген және жауын-шашын суларының кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 1 525 шақырым болатын арық желісі тұрақты түрде күтіп ұсталады. Мамандар арықтар мен су өткізу құрылғыларын күн сайын тазалап отырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 52 жедел бригада жұмылдырылуға дайын.

Сонымен қатар қаланың орталық, шығыс және батыс бөліктерінде арық жүйелері мен нөсер кәрізін салу және жаңғырту жобалары іске асырылуда. Орталық бөлікте жұмыстар толық аяқталып, 158 учаскеде жалпы ұзындығы 76,6 шақырым арық желісі қайта жаңартылды. Шығыс аймақта 26,2 шақырымды қамтитын 58 учаскедегі құрылыс аяқталған. Биыл қосымша 7,6 шақырым арық желісін жаңғырту жоспарланған. Батыс бөлікте 9,3 шақырым желі жөнделіп, 2026 жылға 41,7 шақырым жұмыс белгіленген.

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында азаматтық қорғау қызметтері қажетті күштер мен техникаларды әзірледі. Жалпы саны 1 867 маман, 775 бірлік техника, 119 мотопомпа және 6 жүзу құралы сақадай сай. Бұдан бөлек, 23 мыңнан астам қап және 17 843 тонна инертті материал қоры жасақталған. Уақытша қорғаныс қалқандары мен эвакуациялық орналастыру орындары да дайындалған.

Мамандардың мәліметінше, су тасқыны кезеңінде қала қызметтері үздіксіз режимде жұмыс істеуге дайын.