Rasmedia.kz
ЖаңалықтарМәдениетРуханиятСпорт

Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздары марапатталды

Ақорда резиденциясында UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық турнирінен жүлделі оралған қазақстандық командаларды марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарыс жеңімпаздарын құттықтап, олардың жетістіктері ел абыройын арттырғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Дубайда өткен беделді бәсекеге әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда қатысқан. Бес күнге созылған жарыс барысында қатысушылар күрделі тактикалық тапсырмаларды орындап, жоғары дайындық деңгейін көрсетуі қажет болды.

Мемлекет басшысы қазақстандық жауынгерлердің кәсіби шеберлігі мен төзімділігіне ерекше тоқталды.

«– Ұлттық командалар намысты қолдан бермей, жоғары нәтиже көрсетті. «Қазақстан С» командасы турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Бұл – жарыс тарихында қалатын маңызды жеңіс. Ал «Қазақстан А» құрамасы екінші орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді,» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ әйелдер құрамасының жетістігін атап өтіп, «Томирис» командасы жарыста үздік нәтиже көрсеткенін айтты. Жалпы Қазақстан атынан қатысқан бес команданың барлығы турнирдің үздік 20 командасының қатарына енген.

Мемлекет басшысы бұл нәтижелерді жоғары тактикалық дайындықтың, үйлесімді командалық жұмыстың және жауынгерлік рухтың айқын көрінісі ретінде бағалады.

Сөз барысында Президент қазіргі геосаяси жағдайда қауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түскенін айтып, күштік құрылымдарды жаңғырту жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, әскери және арнайы жасақ бөлімшелері әрдайым кәсібилік пен тәртіптің үлгісін көрсетуі тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел дамуының маңызды кезеңдеріне тоқталып, азаматтардың алдағы саяси үдерістердегі рөлін атап өтті.

Жиын соңында Президент Жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 турнирінде жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар офицерлер мен әскери қызметкерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі және Президент Алғысы бар.

Салтанатты рәсім барысында турнир қатысушылары атынан Нұрсұлтан Сапаров, Дарина Билденова, Максим Бухметов және Наталья Местоева сөз сөйледі.