Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi Hub инновациялық және жоғары технологиялар орталығында Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығының ашылу рәсімі өтті. Жоба сингапурлық ASTRASEC PTE. LTD компаниясы және «Qubitera» ЖШС серіктестігімен жүзеге асырылуда. Бастама елдегі ұлттық кванттық экожүйені дамытуға бағытталған.
Жаңа орталық іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ кванттық технологиялар саласына мамандар даярлауды көздейді. Оның қызметі кванттық қорғалған байланыс жүйелері мен есептеу шешімдерін әзірлеуді, халықаралық тәжірибе алмасуды және технологиялық стартаптарды қолдауды қамтиды.
Алғашқы кезеңде кванттық криптография және кванттық байланыс зертханасы іске қосылды. Зертхана заманауи фотондық жабдықтармен және оқу-тәжірибелік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл ғылыми жұмыстарды дамытуға және практикалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жобаның ғылым мен жоғары білімді дамытудағы маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, кванттық технологиялар болашақтағы цифрлық және коммуникациялық жүйелердің негізгі драйверіне айналмақ.
ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев орталықтың құрылуын университеттің зерттеу әлеуетін күшейтетін маңызды қадам ретінде бағалады. Оның сөзінше, халықаралық серіктестік озық технологияларды игеруге және жаңа ғылыми бағыттарды дамытуға жол ашады.
Салтанатты рәсімде ASTRASEC PTE. LTD өкілдері кванттық зерттеулердің стратегиялық мәніне тоқталып, бұл сала ақпараттық қауіпсіздік пен технологиялық бәсекеге қабілеттілікті арттыруда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.
Шара аясында «Қазақстан–Сингапур кванттық технологиялар орталығы – ұлттық кванттық экожүйенің өсу нүктесі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Талқылауға мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және технологиялық компаниялар өкілдері қатысты.
Кездесуде кванттық киберқауіпсіздік, индустриялық ынтымақтастық және зияткерлік меншікті қорғау мәселелері қаралды.
