Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамТехнология

Елімізде білім беру инфрақұрылымы кеңейтіледі: 90 жаңа мектеп бой көтереді

Оқу-ағарту министрлігі апатты және үшауысымды мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Биыл шамамен 47 мың оқушыға арналған орын қарастыратын 90 жаңа мектептің құрылысы көзделген.

Жаңа білім беру нысандарын іске қосу бірнеше қаржыландыру көзі арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты және жеке инвестициялар тартылмақ.

Құрылысы жоспарланған мектептердің басым бөлігі Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бой көтереді.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту аясында химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылуда. Соңғы үш жыл ішінде 4320 пәндік кабинет жабдықталған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды реновация бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама шеңберінде 2029 жылға дейін 1300 мектепті жаңарту жоспарланған, оның ішінде 900-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өткен жылы 209 мектепте жаңарту жұмыстары аяқталса, 2026 жылы тағы 98 білім беру нысанында жөндеу және жаңғырту жалғасады.

Реновация жұмыстары мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, заманауи кабинеттермен жабдықтау, жиһазды жаңарту, кітапхана мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе қайта құру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қауіпсіздік жүйелерін орнатуды қамтиды.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел көлемінде 236 мыңға жуық оқушы орнына есептелген 162 мектептің құрылысы аяқталды. Ал соңғы үш жылда 746 мың оқушыға арналған 584 мектеп пайдалануға берілген.