Алматы қаласында әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтардың үйлерін табиғи газға қосу жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы осы бағдарлама аясында 49 тұрғын үй газбен қамтылып, тұрғындар заманауи әрі қауіпсіз жылыту жүйесіне қол жеткізді.
Жоба қала әкімдігінің қолдауымен, Halyk Bank және Halyk қайырымдылық қорының серіктестігі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мамандардың мәліметінше, газға қосу шаралары кезең-кезеңімен және «кілт тапсыру» қағидаты негізінде орындалады. Бағдарламаға қатысатын азаматтар үшін барлық техникалық жұмыстар мен қажетті жабдықтар толық қарастырылған.
Қазіргі уақытта аудан әкімдіктері мердігер ұйым – «Тараз Агро Пром Сервис» ЖШС-мен бірлесіп, екінші кезектегі үміткерлер тізімін жасақтауда. Тұрғындардан тиісті құжаттар қабылданып, жаңадан берілген өтініштер бойынша қосымша тексеру жүргізілуде.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Алматы қаласында табиғи газға қосылған тұрғын үйлер саны 504,7 мыңнан асты. Қаланы толық газдандыру және көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
