Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиадада ұзақ үзілістен кейін алтын медальға қол жеткізді. Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан тарихи нәтиже көрсетіп, ел қоржынына осы спорт түріндегі алғашқы алтын жүлдені салды. Миландағы мұз айдынында көк туымыз көтеріліп, мемлекеттік әнұран шырқалды.
Шешуші кезеңде спортшы еркін бағдарламасын жоғары деңгейде орындап, көрермендер мен төрешілердің жоғары бағасына ие болды. Бағдарлама италиялық Confessa әні мен «Бесінші элемент» фильміндегі Димаш Құдайбергеннің вокалдық партиясымен сүйемелденді. Шайдоров техникалық тұрғыдан аса күрделі бес төрттік секіру элементін мүлтіксіз орындап, шеберлігі мен сенімділігін дәлелдеді.
Еркін бағдарлама қорытындысында ол 198.64 ұпай жинады. Қысқа және еркін бағдарламалар нәтижесі бойынша жиынтық көрсеткіші 291.58 ұпайға жетіп, Олимпиада чемпионы атанды.
Күміс жүлде 280.06 ұпай еншілеген жапониялық Юма Кагиямаға бұйырса, қола медаль 274.90 ұпай жинаған Шун Сатоға берілді. Турнирге барлығы 24 спортшы қатысты.
Осылайша Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет қысқы Олимпиада чемпионын шығарды. Бұған дейін бұл спорттағы ең жоғары жетістік 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Денис Тен иеленген қола медаль болатын.
Қазақстан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшыны айтулы жеңісімен құттықтап, бұл табыстың ел спорты үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанның қысқы Олимпиададағы соңғы алтын жүлдесі 1994 жылы Лиллехаммерде тіркелген еді. Ол кезде Владимир Смирнов чемпион атанған болатын. Михаил Шайдоров осы жеңісті жалғастырып, ел тарихына жаңа белес қосты.
