Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері күшейтілді: Президент ҰҚК құзыретін кеңейтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметін реттейтін ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта комитеттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері нақты айқындалған.

Жаңартылған нормаларға сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тікелей Президентке бағынатын әрі есеп беретін арнайы мемлекеттік орган ретінде бекітілді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін басқару функциясы заңнамалық тұрғыда нақтыланды.

Комитеттің негізгі міндеттері өзгеріссіз қалды. ҰҚК барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жалғастырады. Сонымен бірге мемлекеттік шекараны қорғау, үкіметтік байланысты қамтамасыз ету, шифрлау жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік құпияларды қорғау бағытындағы өкілеттіктер сақталды. Құжатта комитеттің мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган екені бөлек көрсетілген.

Енгізілген түзетулер аясында ақпараттандыру саласындағы құзырет кеңейтілді. Енді ҰҚК аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының ақпараттық қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылау жүргізуге уәкілетті. Бұл стратегиялық маңызы бар жүйелердің қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар комитетке ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда міндетті нұсқама беру, олардың орындалуын қадағалау және арнайы техникалық құралдарды қолдануға қатысты рұқсаттардың сақталуын тексеру құқығы берілді.

Тексеру шаралары біліктілік және рұқсат талаптарының орындалуын бағалау мақсатында, Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сәйкес, оның ішінде жоспардан тыс форматта да жүргізілуі мүмкін.

Осылайша, жаңа Жарлық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бақылау тетіктерін жетілдіріп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін күшейтуге бағытталған. Жарлық 9 ақпаннан бастап күшіне енді.