Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған «Референдум–2026» онлайн-марафоны өз мәресіне жетті. Ақпараттық-талқылау алаңы форматында ұйымдастырылған іс-шара алты сағатқа созылып, конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызы жан-жақты сарапқа салынды.
Онлайн-кездесу барысында түрлі сала өкілдерінен құралған 100-ге жуық спикер сөз сөйлеп, жаңа Ата заң жобасында қамтылған негізгі қағидаттар мен өзгерістерге қатысты пікір алмасты. Талқылаулар егемендік пен тәуелсіздік, заң үстемдігі, адам құқықтары, қоғамдық диалог, отбасы және неке институты, тарихи-мәдени мұраны сақтау, экологиялық жауапкершілік, ұлттық заңнама мен халықаралық шарттардың арақатынасы секілді өзекті бағыттарды қамтыды.
Шараға Қазақстан Парламентінің депутаттары, құқықтанушылар, саясаттанушылар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Пікірталас барысында қатысушылар конституциялық өзгерістердің қоғам өміріне ықпалы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңашылдықтар және құқықтық мәдениетті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Конституция преамбуласында алғаш рет білім, ғылым және инновация ұғымдарының көрініс табуын маңызды жаңалық ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл мемлекеттің стратегиялық даму бағдарына тікелей қатысты.
«Жаңа Конституцияда білім мен ғылымның рөлі айқын көрсетілген. Бұл елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға және инновациялық дамуға басымдық берілетінін білдіреді», – деді депутат.
Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы өз сөзінде халықаралық тәжірибені ескерудің маңызын атап өтті. Ол дамыған мемлекеттердің конституциялық үлгілерінде ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраға басымдық берілетінін айтты.
Ал Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған нормаларға тоқталып, «Миранда» қағидасының енгізілуіне түсініктеме берді.
«Бұл норма азаматтардың бостандығы мен құқықтарының сақталуына кепілдік беретін маңызды құқықтық құралдардың бірі», – деді ол.
Заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов жаңа Конституцияның халықаралық қатынастардағы елдің рөліне назар аударды. Сарапшының пікірінше, құжат Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі позициясын нығайта түседі.
Өз кезегінде Конституциялық комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы Конституция жобасында көрсетілген «қоғамдық диалог» қағидатының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұғым қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенім мен ашық байланысты нығайтуға бағытталған.
Онлайн-марафон аясында барлығы 24 тақырып қамтылып, әр бағыт бойынша сараптамалық пікірлер ұсынылды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы құқықтық жүйені жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға негіз болатынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай форматтағы ақпараттық шаралар алдағы кезеңде де жалғасады. Бұл бастамалар конституциялық реформалардың мазмұнын кең аудиторияға жеткізуге және қоғамдық талқылауларды жандандыруға бағытталған.
