Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтар

Алматыда денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Алматы қаласында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада жаңа медициналық мекемелер салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Құрылыс және қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары ұсынған мәліметке сәйкес, мегаполисте 32 жаңа медициналық нысан тұрғызу және 14 мекемені жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күні алты нысан пайдалануға берілген. Тағы бес нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр, ал он жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде.

Ірі жобалардың қатарында Дарабоз шағынауданында 300 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орынға арналған перинаталдық орталықтың құрылысы бар. Сонымен қатар 250 орындық көпбейінді аурухана, онкологиялық орталық және бір ауысымда 350 келуші қабылдайтын емханасы бар медициналық кешен салу көзделген.

Кеңес барысында жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдарды күрделі жөндеу мәселесіне де назар аударылды. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы 15 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жиын қорытындысында жауапты құрылымдарға жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау және салалық басқармалар арасындағы үйлестіруді күшейту тапсырылды.