Rasmedia.kz
ЖаңалықтарМәдениетСпорт

Ұлттық спортқа қолдау: Келес ауданында заманауи кешен бой көтереді

Келес ауданында дәстүрлі спорт түрлерін дамытуға бағытталған заманауи спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Осыған байланысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиевтің бастамасымен жоба талқыланды.

Жұмыс кездесуіне мердігер ұйым өкілдері, аудандық ұлттық спорт клубының директоры Санат Ботанбаев және Қошқарата ауылдық округі әкімдігі мамандары қатысты. Басқосу барысында жобаның техникалық параметрлері, инфрақұрылымдық шешімдері мен ұсыныстар сараланып, тапсырыс беруші тарапынан бірқатар нақтылаулар енгізілді.

Жаңа кешен тек спорттық нысан ретінде емес, жастарды ұлттық құндылықтарға баулитын маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда болашақ спорт шеберлерін даярлауға жағдай жасалып, жасөспірімдердің ұлттық спортқа қызығушылығын арттыру көзделеді. Сонымен қатар жоба салауатты өмір салтын насихаттауға, аудан аумағында ірі жарыстар өткізуге және спорттық туризмді дамытуға серпін береді.