Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарИнклюзияҚоғам

Ерекше балаларды ерте қолдау: Алматы тәжірибесі

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алғашқы алаңдатарлық белгіден нәтижеге дейін» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында Ерте араласу әлеуметтік қызметтер орталығының жұмысы мен мүмкіндіктері таныстырылды.

Орталық директоры Нұрзия Әлімбекованың айтуынша, ата-аналар мамандар көмегіне сәби дүниеге келген сәттен бастап жүгіне алады. Негізгі қызмет үш жасқа дейінгі балаларға бағытталғанымен, кей жағдайларда баланың және отбасының қажеттілігіне қарай сүйемелдеу мерзімі жеті жасқа дейін ұзартылуы мүмкін.

Мамандар ерте кезеңде көрсетілген қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Уақытылы араласу баланың дамуындағы ықтимал қиындықтардың алдын алуға және қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Көмекке неғұрлым ерте жүгінген сайын, нәтиже соғұрлым тиімді болады. Біз балалармен өмірінің алғашқы күндерінен бастап жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл кезеңде көптеген тәуекелдердің алдын алуға болады», – деді орталық директоры.

Орталық қызметінің басты ерекшеліктерінің бірі – медициналық диагноздың міндетті болмауы. Егер ата-аналар баланың мінез-құлқында немесе дамуында алаңдатарлық белгілерді байқаса, ресми қорытынды күтпей-ақ мамандар кеңесіне жүгіне алады.

«Кейде ата-аналар баласының дамуында бір өзгерісті интуитивті түрде сезеді. Осындай алаңдаушылықтың өзі бізге келуге жеткілікті негіз бола алады. Ерте кеңес беру көптеген мәселелердің асқынуына жол бермейді», – деп түсіндірді Нұрзия Әлімбекова.

Спикердің сөзінше, орталықтағы қолдау дәстүрлі дамытушы сабақтар мен медициналық көмектен өзгеше. Мұнда жұмыс тек баламен ғана емес, ата-анамен де қатар жүргізіледі. Мамандар отбасыға күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық ұсыныстар беріп, оларды жүйелі түрде сүйемелдейді.

Көмектің тиімділігі формалды көрсеткіштер арқылы емес, ата-аналардың өздері байқаған өзгерістер негізінде бағаланады. Нәтижесінде баламен қарым-қатынас жеңілдеп, жаңа дағдылар қалыптасады, ал ата-аналардың алаңдаушылығы азаяды.

Сонымен қатар, орталық мамандары сүйемелдеу процесін отбасы мүшелерімен бірлесіп талқылайды. Қажет болған жағдайда жұмыс форматы қайта қаралып, бала мен отбасының сұранысына сай бейімделеді.