Rasmedia.kz
ДенсаулықҚоғам

Түркістан облысында жаңа ауруханалар мен амбулаториялар желісі кеңейді

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек төрағалық еткен алқа отырысында қаралды. Жиында 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.

Кеңес барысында Қанат Қайыпбек медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы қызметтің қолжетімділігін арттыру және саланы тиімді басқару өңір дамуының стратегиялық міндеттері екенін атап өтті. Ол жауапты мекемелерге бақылауды күшейтіп, медициналық көмектің барлық деңгейде сапалы көрсетілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша облыста жүйелі шаралар жүзеге асуда. Өңірде перинаталдық көмек үш деңгейде көрсетіледі, бүгінде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Кадрмен қамтылу деңгейі – 95%, ал медициналық жабдықталу көрсеткіші 80,7%-ды құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Балалар денсаулығын нығайту мақсатында облыста 8 оңалту орталығы қызмет көрсетеді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа балаларды оңалту орталығы ашылды. Сонымен қатар әмбебап-прогрессивті патронаж моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту 95%-ға жетті.

Медициналық инфрақұрылымды кеңейту аясында өткен жылы өңірде 36 жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлердегі 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 22 медициналық пункт бар. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысан салу жоспарланған.

Сонымен бірге ірі стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Сайрам және Жетісай аудандарындағы бірқатар ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында медициналық ұйымдар 2 560 дана заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды. Олардың ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер және онкологиялық диагностикалық кешендер бар. Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру үшін 60 реанимобиль мен 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Ал мектеп медицинасы аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен жабдықталды.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтып, берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.