Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарИнклюзия

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРҒА ҚОЛЖЕТІМДІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Елордада AMANAT партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Кеңес мүшелерімен бірге орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында жаңа Конституция жобасы аясындағы басым бағыттар, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесімен қамту, білім беру бағдарламаларын бейімдеу, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында инклюзивті оқытуды дамыту мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

Жиында сөз алған Шолпан Каринова жаңа Конституция жобасының қоғамдық маңызына тоқталып, құжаттың кең ауқымды талқылау арқылы әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң жобасы елдегі саяси және экономикалық жаңғыру үдерістерін қамтып, білім, ғылым және инновация салаларындағы даму бағыттарын айқындайды.

«– Конституция – қоғам өмірінің негізгі қағидаттарын белгілейтін басты құжат. Сондықтан әр азаматтың ел болашағына қатысты өз пікірін білдіруге толық мүмкіндігі бар,» – деді ол.

Келесі кезекте Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиев мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдауға бағытталған жаңа заң жобасының әзірленіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, құжат балалардың медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«– Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралып отыр. Біріншісі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамту және оқу жоспарларын бейімдеу. Екіншісі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті оқытуды дамыту, «– деді депутат.

Аталған бағыттар бойынша Майра Мелдебекова баяндама жасап, елімізде инклюзивті білім беруді дамыту аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстанда 237 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қазіргі таңда инклюзивті білім беру жағдайында балабақшаларда 49 мыңнан астам, мектептерде 138 мыңнан аса бала білім алып жүр.

Сондай-ақ ел аумағында 124 инклюзивті және арнайы педагогика ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс істейді. 2026 жылға дейін тағы 8 орталық ашу жоспарланған. Бүгінде білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам арнайы педагог қызмет көрсетіп, жыл сайын мыңдаған мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтуде.

Отырыс қорытындысында қатысушылар мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы әрі қолжетімді білім беру жүйесін дамыту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыру қажеттігін атап өтті.