Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба балалардың болашағына қаржылық негіз қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама ретінде іске асуда.
Бағдарлама аясында жас қазақстандықтардың бастапқы жинақтары қалыптастырылып, оларды тұрғын үй жағдайын жақсартуға, білім алуға немесе ұзақ мерзімді жинақ ретінде сақтауға мүмкіндік беріледі.
Жыл сайын кәмелетке толмаған балалардың БЖЗҚ-дағы шоттарына Ұлттық қордан нысаналы талаптар түрінде қаражат және инвестициялық табыс есептеледі. Ал балалар 18 жасқа толған кезде бұл талаптар автоматты түрде нысаналы жинақтарға айналып, жеке жинақтау шоттарына аударылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушы 6 918 656 қазақстандық баланың әрқайсысына 130,71 АҚШ доллары мөлшерінде кезекті сома есептелді.
Айта кетейік, жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы Қазақстан азаматтары болып саналатын барлық балалар арасында теңдей бөлінеді. Балалар туралы деректер алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры негізінде қалыптастырылады. Сонымен қатар бұрын есептелген сомаларға жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс қосылып отырады.
Осылайша жинақтардың жалпы көлемі мынадай деңгейге жетті:
- бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырған балаларда – 370,56 АҚШ доллары;
- екінші жыл қатысқан балаларда – 263,93 АҚШ доллары;
- бірінші жыл қатысқан балаларда – 130,71 АҚШ доллары.
18 жасқа дейінгі балаларға есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында қалып, инвестициялануын жалғастырады. Инвестициялық табыс есебінен әр баланың нысаналы талаптарының көлемі жыл сайын ұлғая түседі.
Бағдарлама іске қосылғалы бері Ұлттық қордан барлық балаларға есептелген қаражаттың жиынтық көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
2026 жылы 356 613 қазақстандық 18 жасқа толып, өздерінің нысаналы жинақтарын пайдалану құқығына ие болады. Кәмелетке толған сәттен бастап олар бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға, білім алуына немесе болашаққа зейнетақы жинағы ретінде сақтауға дербес шешім қабылдай алады.
Балалардың бағдарламаға қатысу тізімі БЖЗҚ мен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы қалыптастырылады. Онда туғаннан Қазақстан азаматы болып саналатын балалар, азаматтықты кейін алғандар, азаматтығынан шыққандар, сондай-ақ қайтыс болған балалар туралы мәліметтер ескеріледі. Бұрын дерекқорға енбей қалған балаларға да өткізіп алған кезең үшін қаражат инвестициялық кірісімен бірге толық көлемде есептеледі.
18 жасқа дейінгі балалардың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты ата-аналар мен заңды өкілдер баланың ЖСН-ы арқылы kids.enpf.kz сайты мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы тексере алады. Ал кәмелетке толған қатысушылар enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте, БЖЗҚ мобильді қосымшасында және eGov mobile арқылы өз жинақтары туралы мәлімет ала алады.
Жинақтарды пайдалану туралы шешім қабылдаған жағдайда, жастар уәкілетті операторлар арқылы АҚШ долларындағы банктік шот ашып, онлайн өтініш береді. Бұл қызметті «Отбасы банк» АҚ (тұрғын үй және білім беру мақсатында), сондай-ақ «Қазақстан Халық банкі» АҚ мен «Банк ЦентрКредит» АҚ (білім беру мақсатында) ұсынады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы болашақ ұрпақтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік стратегия болып табылады.
