Алматы музейінде қазақ сахна өнерінің бір ғасырлық тарихын қамтитын «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрме өз жұмысын бастады. Экспозиция Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойына арналды.
Көрме аясында Алматы музейі мен Қазақ ұлттық драма театры музейінің қорларынан жинақталған бірегей тарихи материалдар ұсынылған. Көрермендер 1940 жылдардан бастап бүгінге дейін қойылған спектакльдердің афишаларын, сирек кездесетін фотосуреттерді және театрдың даму жолын айқындайтын архивтік құжаттарды тамашалай алады.
Экспозицияда қазақ театр өнерінің көрнекті тұлғаларына тиесілі сахналық киімдерге ерекше орын берілген. Атап айтқанда, Асанәлі Молдабеков киген «Ваня аға» спектаклінің костюмі, Шолпан Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы сахналық бейнесі, Зәмзәгүл Шәріпованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөліндегі киімі, сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов сомдаған Абылай хан образындағы сахналық костюм көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – ұлттық театрдың ғасырлық шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, қазақ театр өнерінің қалыптасу кезеңдері мен даму белестерін көрсету және өскелең ұрпақтың рухани-мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Көрменің ашылу рәсіміне Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, шығармашылық орта мен өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Ғасыр жасаған Ұлт театры» көрмесі ақпан айының соңына дейін көпшілікке қолжетімді болады.
