Алматыда түсірілген телешоудың арнайы шығарылымы 1 ақпанда Оңтүстік Кореяның танымал SBS телеарнасынан көрсетіледі. Бағдарлама Сеул уақытымен 21:00-де, ал Алматы уақыты бойынша 17:00-де эфирге жол тартады.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, жоба Кореядағы ең жоғары рейтингке ие телебағдарламалардың бірі саналады. Түсірілім барысында түсіру тобы Алматының туристік және мәдени нысандарын қамтыған. Атап айтқанда, бағдарлама кадрларында Көктөбе, Шымбұлақ, Көк базар мен Көлсай көлдерінің көріністері көрсетіледі.
Эфир қарсаңында SBS арнасы жаңа шығарылымның бейнеанонсын жариялады. Тизерде корей шоу-бизнесінің танымал өкілдерінің Алматының ұлттық мәдениетімен, табиғи ерекшеліктерімен және туристік әлеуетімен танысқан сәттері бейнеленген.
Бағдарлама аясында қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, дәстүрлі киімдерді киіп көреді. Сонымен қатар ойын-сауық орындарына барып, садақ атып, қаланың қысқы келбеті мен Іле Алатауының көркем табиғатын тамашалайды.
