Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

Алматы тауларында шетелдік туристке құтқару операциясы жүргізілді

Алматы қаласының таулы аймағында жарақат алған шетелдік туристке құтқарушылар жедел көмек көрсетті. Оқиға Медеу ауданына қарасты Богданович мұздығы маңында, теңіз деңгейінен шамамен 3500 метр биіктікте болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1998 жылы туған әйел басынан жарақат алып, қан кеткен. Зардап шеккен турист өздігінен төмен түсе алмаған. Аталған жағдай туралы хабар 112 жедел қызмет пультіне түскен.

Белгілі болғандай, жарақат алған азаматша Қытай Халық Республикасынан келген үш адамнан құралған туристік топтың құрамында болған.

Құтқару жұмыстарына Алматы қаласының әмбебап құтқару бөлімшесі, Құтқару қызметі және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды.

Нақты геолокация анықталғаннан кейін құтқарушылар оқиға орнына жетіп, зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оны эвакуациялау туралы шешім қабылданды.

Құтқару операциясы биік таулы жерде және тәуліктің қараңғы уақытында жүргізілгендіктен күрделі жағдайда өтті. Заманауи арнайы техника мен реанимобильдің көмегімен шетелдік азаматша Алматы қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді.