Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтар

Созақта жаңа кітапхана ғимараты пайдалануға берілді

Түркістан облысында рухани-интеллектуалдық әлеуетті арттыруға бағытталған инфрақұрылым кеңейіп келеді. Осы бағыттағы жаңа нысандардың бірі Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында пайдалануға беріліп, заманауи кітапхана ғимараты ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Жаңа нысанның ашылуына аудан басшылығы, облыстық және аудандық мәслихат өкілдері, сала ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кітапхананың ашылуын өңір үшін маңызды мәдени оқиға деп атап өтті.

Аудан әкімінің айтуынша, жаңа кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен руханиятты ұштастыратын көпфункционалды орталық. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда кітапханаларды ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды алаң ретінде дамыту қажеттігін атап өткенін еске салды.

Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те сөз алып, жаңа нысанның іске қосылуы аудан тұрғындары үшін үлкен рухани серпін беретінін жеткізді.

Рәсімнен кейін қатысушылар кітапхананың ішкі құрылымымен танысып, көрсетілетін қызметтерге оң бағасын берді. Оқырмандарға қолайлы орта қалыптастырылғанын атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, жаңа кітапхананың кітап қоры 500 мыңға жуық. Ғимарат заман талабына сай жабдықталып, жастар мен оқырмандардың білімін жетілдіруіне, ізденіс пен шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда мәдени және танымдық іс-шаралар өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылған.

Кітапхана орналасқан аумақтың жалпы көлемі 2 536 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың өзі 496 шаршы метр аумақта салынған. Жоба аясында аумақ толық абаттандырылып, жолдар асфальтталған, көгалдандыру және жарықтандыру жүйелері орнатылған. Нысан климаттық және сейсмикалық талаптарға толық сай келеді.

Ғимараттың төменгі бөлігінде кітап қорын сақтауға арналған қоймалар орналасқан. Бірінші қабатта оқу және акт залдары, абонемент, құжаттарды өңдеу бөлімі мен қызметкерлерге арналған кабинеттер бар. Екінші қабатта оқу және мәжіліс залдары, оқырмандарға қызмет көрсету, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхананы дамыту бөлімі және тілдерді оқыту мен дамыту орталығы жұмыс істейді.