Rasmedia.kz
БілімДенсаулықҚоғам

«Жас ұрпақ – ел болашағы»: қауіпсіздік пен қолдауға бағытталған бастамалар

Түркістан облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға арналған ауқымды форум өтті. Іс-шараға өңірдің білім беру жүйесінде жұмыс істейтін мамандар, мектеп психологтары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және құқық қорғау саласының қызметкерлері жиналды. Қатысушылар саны мыңнан асты.

Жиын барысында бала құқығын қорғау, жасөспірімдердің психологиялық жай-күйі және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Форумда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров және Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов саладағы өзекті бағыттарға тоқталды.

Өңір басшысы өз сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекет пен қоғам үшін басым міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста 900 мыңнан астам бала өсіп келеді және олардың әрқайсысының тағдырына бейжай қарауға болмайды. Осы орайда бала құқығын қорғау тек бір саланың емес, ата-ана, мектеп, медицина, құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен жауапкершілігі екенін айтты.

Сондай-ақ форумда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда балалар мен жастарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударғаны айтылды. Осы тапсырмалар аясында өңірде психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, психологиялық қолдау орталығы жұмысын бастады, барлық білім беру ұйымдарына «111-QR қызметі» енгізілді. Соңғы екі жылда екі мыңнан астам педагог-психологтың біліктілігі арттырылған.

Іс-шара жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын сақтау, суицидтің алдын алу және білім беру мекемелеріндегі тәуекелдерді азайту бағытында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сарапшылар мектеп психологтарына практикалық ұсынымдар беріп, нақты жағдайлар бойынша пікір алмасты.

Форум қорытындысында бала құқығын қорғау мен психологиялық қолдау саласында үздік нәтиже көрсеткен 10 мектеп психологы облыс әкімінің және облыс прокурорының алғысхаттары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.